Қазіргі әлемде жаһандық сын-қатерлер көбіне діни шиеленістермен, қоғамның жіктелуімен және мәдени қайшылықтармен астасып жатқан жағдайда, конфессияаралық диалогтың маңызы ерекше арта түсуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізуді ұсынған Қазақстан түрлі дінге сенім өкілдерінің бейбіт үнқатысуы мен өзара әрекеттестігінің бірегей алаңы ретінде өзін таныта білді.
«Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық диалог» атты интерактивті тарихи-құжаттық онлайн-көрме Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған архивтік материалдармен таныстырады. Цифрлық форматтағы құжаттар, сирек кездесетін фотосуреттер, бейнехроника мен жарияланымдар Съездің қалыптасу және даму тарихын, сондай-ақ Қазақстан жерінде бүкіләлемдік діни көшбасшыларды тоғыстырған тарихи сәттерді айшықтайды. Бұл материалдар олардың өзара түсіністікке, төзімділікке және бейбітшілікті нығайтуға деген ұмтылысын паш етеді.
Көрменің басты мақсаты - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің маңызын айқындау, конфессияаралық диалогты нығайтудағы және әлемдік қауымдастық дамуына ықпал етудегі рөлін көрсету.
Ұсынылған экспонаттар еліміздің жаһандық дінаралық диалогтағы бастамашы әрі үйлестіруші рөлін айқындайды, ал көрме халықтар арасындағы құрмет пен сенім мәдениетін қалыптастыратын білім мен ағартушылық кеңістігіне айналады.
Жобаның мақсаты - архивтік құжаттар тілі мен заманауи ақпараттық тәсілдер арқылы толеранттылық, өзара құрмет және диалог құндылықтарын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.